Жаңалықтар

cover

24 Қазан, 2026

ISSAI 2026 жылғы күзгі зерттеу бағдарламасын іске қосты: Қазақстаннан және шетелден 29 оқушы қатысуда

2026 жылғы 24 қазанда Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) 2026 жылғы ISSAI күзгі зерттеу бағдарламасының (Fall Research Program, FRP) ресми ашылуын жариялады. 2021 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан және 5 000-нан астам өтінім қабылдап, 200-ден астам қатысушыны қамтыған Жазғы зерттеу бағдарламасының табысты тәжірибесіне сүйене отырып, ISSAI білім беру бастамаларын кеңейтіп, күзгі зерттеу бағдарламасын іске қосты. Сегіз күнге арналған бұл қарқынды әрі пәнаралық бағдарлама жоғары сынып оқушыларына күзгі каникул кезінде жасанды интеллект пен робототехника салаларына тереңірек бойлап, практикалық тәжірибе жинақтауға бірегей мүмкіндік береді.

Бағдарламаға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен және шетелден келген 29 дарынды әрі ынталы оқушы қатысуда. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қостанай, Павлодар, Атырау, Қызылорда қалаларынан, Жамбыл облысынан және Маниладан келген оқушылар бар. Қатысушылардың жартысына жуығы осы бірегей зерттеу тәжірибесіне қатысу үшін Астанадан тыс өңірлерден арнайы келген. Олар Назарбаев Зияткерлік мектептері (NIS), «Білім-Инновация» лицейлері (БИЛ), Республикалық физика-математика мектептері (РФММ), Spectrum International School, Riviera International School, Astana Garden School, Canadian International School Astana, International School Manila және басқа да жетекші білім беру ұйымдарының оқушылары.

Назарбаев Университетінің кампусындағы ISSAI ғылыми-зерттеу орталығында өтетін бағдарлама оқушыларға кәсіби зерттеу ортасымен танысуға, техникалық дағдыларын тәжірибе жүзінде дамытуға және ISSAI зерттеушілері мен инженерлерімен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның ашылу салтанатында ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, оларға нәтижелі әрі шабытқа толы зерттеу тәжірибесін тіледі. ISSAI менторлары — зерттеуші доктор Гурав Могер, Владимир Альбрехт және деректер жөніндегі ғылыми мамандар Арайлым Райханқызы мен өздерін таныстырып, бағдарлама аясындағы оқу жоспарларын ұсынды. Олар сегіз күн ішінде оқушыларды күтіп тұрған зерттеу жұмыстары, оқу мақсаттары мен жобалар туралы айтып берді. Сонымен қатар қатысушылар мен олардың ата-аналарына сұрақ қойып, бағдарлама туралы толығырақ ақпарат алуға мүмкіндік берілді. Ашылу күнінде Назарбаев Университетінің кампусы мен ISSAI зертханаларына экскурсия ұйымдастырылып, оқушылар алдағы күндері жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу ортасымен және инфрақұрылыммен танысты.

Күзгі зерттеу бағдарламасы аясында ISSAI үміткерлердің қызығушылықтары, білім деңгейі мен қалауын ескере отырып әзірленген екі мамандандырылған бағытты ұсынады: AI Engineering және Robotics. Екі бағыт та теориялық білім мен қарқынды практикалық дайындықты ұштастырады. Оқушылар озық технологияларды зерттеп, тәжірибелі менторлардың жетекшілігімен өздерінің ғылыми жобаларын әзірлейді.

AI Engineering бағыты оқушыларды заманауи жасанды интеллект негізінде жатқан технологиялармен, соның ішінде үлкен тілдік модельдермен, AI-агенттермен, сөйлеуді тану және синтездеу жүйелерімен, компьютерлік көру технологияларымен таныстырады. Қатысушылар ISSAI-дің жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымымен, соның ішінде 16 GPU-мен жабдықталған DGX серверімен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтап, Институт әзірлеген, оның ішінде қазақ тіліне арналған AI модельдерін зерттейді. Бағдарлама барысында оқушылар AI модельдерінің қалай оқытылатынын, бағаланатынын және нақты міндеттерді шешуде қолданылатынын үйренеді. AI көмегімен әзірлеу құралдарын пайдалана отырып, өздерінің жасанды интеллект негізіндегі қосымшаларын жобалап, құрастырады, эксперименттер жүргізеді, нәтижелерді бағалайды және зерттеу есептерін дайындайды. Бағдарлама соңында әрбір қатысушы жұмыс істейтін AI жобасын таныстыруы, сондай-ақ GitHub портфолиосы мен жеке жоба веб-парағын әзірлеуі тиіс.

Robotics бағыты робототехникалық жүйелерді әзірлеудің практикалық негіздеріне арналған. Ол механикалық жобалау, электроника, бағдарламалау және интеллектуалды басқару жүйелерін біріктіреді. Оқушылар SolidWorks бағдарламасында 3D модельдер жасауды, Arduino микроконтроллерлерімен жұмыс істеуді, сенсорлар мен атқарушы механизмдерді біріктіруді, сондай-ақ роботтардың қозғалысы мен автоматтандыру қағидаттарын үйренеді. Кіріспе дайындықтан кейін қатысушылар таңдаған жобасы мен техникалық дайындығына қарай Crazyflie оқу квадрокоптерлерімен, жұмсақ континуум-роботтармен немесе робот-манипуляторлармен жұмыс істейтін практикалық жобаларға қатысады. Жобалау, бағдарламалау, сынақтан өткізу және тәжірибе жасау барысында оқушылар робототехникалық жүйелерді құрастыру, басқару және пайдалану бойынша құнды тәжірибе жинақтайды.

Екі бағыт та 31 қазанда өтетін қорытынды Demo Day іс-шарасымен аяқталады. Бұл күні қатысушылар өз жобаларын таныстырып, техникалық жетістіктерін көрсетіп, бағдарлама барысында меңгерген білімдері мен дағдыларымен бөліседі.

Техникалық дайындықтан бөлек, ISSAI күзгі зерттеу бағдарламасының мақсаты — жастарды жасанды интеллект, робототехника, инженерия және ғылыми зерттеулер салаларында мансап құруға ынталандыру. Оқушыларға озық технологиялармен ерте танысуға және кәсіби ғылыми ортада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру арқылы бағдарлама олардың сыни ойлау, шығармашылық, мәселелерді шешу дағдыларын және технологиялық инновацияларға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған.

Жазғы және күзгі зерттеу бағдарламалары сияқты білім беру бастамалары арқылы ISSAI дарынды оқушыларға жаңа технологияларды зерттеуге, ғалымдармен және инженерлермен жұмыс істеуге, сондай-ақ болашақ жасанды интеллект зерттеушілері мен инженерлерінің қатарына қосылуға алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беруді жалғастыруда.

« ‹ of 13 › »