Жаңалықтар

cover

16 Қараша, 2026

Ғылыми зерттеулерден ақылды индустрияға дейін: Қазақстанның технологиялық әлеуетін таныстыру

16 қарашада академик Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде (ҚӘТУ) «Білім беруде, ғылымда және өндірісте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға академиялық орта, мемлекеттік органдар, өнеркәсіп және жеке ұйымдар өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты. Олардың қатарында ҚӘТУ-дің стратегиялық халықаралық серіктесі — Неаполь қаласындағы «Партенопе» университетінің (Италия) делегаттары болды.

Іс-шараны ашқан ҚӘТУ ректоры Руслан Абдуллин жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында цифрлық трансформацияның және ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атынан институттың атқарушы директоры Ербол Абсалямов «Қазақстанда AI-ды дамытудағы университеттердің рөлі» тақырыбында сараптамалық баяндама жасады. Ол өз баяндамасында ISSAI институтының ғылыми-зерттеу тәжірибесі мен Qolda AI моделін әзірлеу аясында академиялық ортамен жүргізіп жатқан ынтымақтастығына сүйене отырып, университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғылыми зерттеулер мен олардың практикалық қолданысы арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін қарастырды.*

Баяндаманың негізгі тақырыптарының бірі — Qolda моделінің Қазақстандағы машина жасау, өнеркәсіптік автоматтандыру және робототехника салаларында қолданылу әлеуеті болды. Бұл бағыт Қостанай өңірі үшін ерекше өзекті, себебі мұнда KIA, Allur және KamlitKZ сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан.

Қазақ тіліндегі визуалды ақпаратты өңдеу мен түсіндіруге арналған Qolda моделі жасанды интеллект негізіндегі өнеркәсіптік және роботтандырылған жүйелерді дамытуға негіз бола алады. Модельдің шеткі құрылғыларда (edge devices) жұмыс істеу мүмкіндігі оны байланыс сапасы шектеулі, ал деректерді нақты уақыт режимінде өңдеу аса маңызды болып табылатын зауыттарда, қоймаларда және кен өндіру нысандарында қолдануға қолайлы етеді. Болашақта бұл технология өнеркәсіптік жабдықтар мен сервистік роботтарға қазақ тіліндегі нұсқауларды түсінуге мүмкіндік беріп, жергілікті операторлардың адам мен машина арасындағы өзара әрекеттесуін жеңілдете алады.

Дөңгелек үстелге Италияның академиялық және іскерлік қауымдастықтарының шақырылған өкілдері де қатысты. Баяндамашылар қатарында Неаполь қаласындағы «Партенопе» университетінің профессоры әрі аға ғылыми қызметкері, Мәдени көшбасшылық қорының Еуразия елдері бойынша экономикалық сарапшысы және ғылыми директоры Паоло Капуто; осы университеттің проректоры, университеттің қоғаммен және бизнеспен байланысы, сондай-ақ білім трансфері жөніндегі ректор өкілі, экономика және менеджмент инженериясы профессоры Ренато Пассаро; сондай-ақ WEEEGO srl, SSOLID srl және S.G.I. srl жеке компанияларының бас атқарушы директоры Иван Спера болды.

ISSAI институтының дөңгелек үстелге қатысуы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ғылыми-зерттеу әлеуетін таныстыруға, отандық технологиялардың практикалық мүмкіндіктерін көрсетуге және ғылым мен өнеркәсіп арасындағы диалогті нығайтуға мүмкіндік берді.

*Qolda моделі — ISSAI институты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында (бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру — BR24993001) әзірлеген модель. Консорциум құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ, жетекші ұйым), ISSAI, «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты кіреді.

« ‹ of 5 › »