Жаңалықтар

cover

6 маусым 2022 ж.

Жасанды интеллект және робототехника саласындағы терминдер қазақ тілінде бекітілді

Қазақ тілінің сөздік қоры ресми түрде жасанды интеллект пен робототехника саласындағы терминдермен толықтырылды. Терминдерді бекіту бастаманы Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) ғалымдары ұсынған. Енді қазақ тілінде жасанды интеллект, деректер талдау, робототехника және компьютерлік ғылымдар салаларында қолданылатын көптеген терминдер мен сөздердің аудармалары бар.

Деректер талдау және жасанды интеллект саласында қазақ тілін дамыту мақсатында ISSAI ғалымдары ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған терминдердің бір неше нұсқасын қамтитын глоссарий әзірледі. Содан кейін глоссарий Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетіне бекітуге берілген болатын.

Біз жасанды интеллект, деректер талдау және робототехника саласындағы көптеген терминдер үшін қазақ тіліне ресми бекітілген аударма жоқ екенін байқадық. Сондықтан терминдерді қазақ тіліне аударуға бастадық. Жасанды интеллект пен робототехника саласы Қазақстанда белсенді дамып және кең таралғандықтан, біз терминдердің аудармасын ұсынып, оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің қарауына ұсындық“, – деді ISSAI негізін қалаушы директоры профессор Атакан Варол.

Бекіту процесі лингвистика саласындағы сарапшылардың және ISSAI-дің жасанды интеллект пен деректер талдау саласындағы мамандарының қатысуымен Республикалық терминологиялық комиссияның отырыстарынан тұрды. Талқылау және дауыс беру барысында кейбір сөздер аудармасыз қабылданып, өзіндік ағылшын тіліндегі айтылымын сақтап қалды, ал қалғандары қазақ тіліне аударылды. Мысалы, artificial neural network термині жасанды нейрондық желі деп аударылды, ал boosting термині кірме сөз ретінде- бустинг деп қабылданды. Барлығы 672 сөз ресми түрде бекітілді.

«Біз цифрлық ортада қазақ тілінің дамуына үлес қоса алғанымызға өте қуаныштымыз», – деп қосты профессор Варол.

Бекітілген терминдер ISSAI және termincom.kz сайттарында қол жетімді.